Аспан сыйған жанарыңа мен сыймай... / Казахские песни — өлеңдер / - махаббат туралы
rus / eng / kaz


В разделе Видео.Казах.ру можно посмотреть казахские клипы, а также в нем отдельно собраны ролики на казахском языке. Новые казахские песни (в том числе 2012 года) добавляются в раздел практически ежедневно. Казахские песни ищут так: өлең, тіл туралы өлеңдер, казакша олендер, өлең туралы, ұстаз туралы өлеңдер, ана өлеңдер, өлеңдер жинағы









Казахские песни — өлеңдер / - махаббат туралы

Назад

Аспан сыйған жанарыңа мен сыймай...

* * *

Сенің жалғыз сыңғыр еткен      
     бір күлкің,
Жүрегімнен өшіреді мұң бұлтын.
Енді маған жалған емес     
     «мың бір күн»,
Енді маған арман емес     
     «мың бір түн».

Маған мəңгі қайта оралмас көктемім,
Неге сонша көздеріңмен өртедің.
Сенің көзің толмап па еді жасыңа,
Мені өзен толқынымен тепкен күн.

Суға салған, құмда қалған іздердей,
Қалады екен кей бақытты көз көрмей.
Сенің құсың өзге жанға қонғанда,
Менің құсым ұшпай жатып өлгендей.

Бұл азаптан енді қалай емделдім,
Жанарыңда жалғыз жас боп тербелдім,
Сенің құсың молама кеп қонар ма,
Мені сенің жүрегіңе көмген күн.

* * *

Қасыңнан,       
        қалқатай-ау,     
    неғып кеттім,
Жас болып жанарыңнан тамып кеттім.
Бозарып жапырақтай тоңдымдағы,
Көзіңнен түскен шоққа жанып кеттім.

Күл болдым...
Содан кейін желмен ұштым,
Ақ бұлтпен араластым жерге түстім.
Сен менің өңімдегі күрең күзсің,
Мен сенің көгіңдегі көрген түспін.

Тотыдай тұнық түнде толған айым,
Жұлдыздай жүрегіңнен жол қарайын.
Көгіңде көлің болып толқиында,
Көзіңде өмір болып ойланайын.

Күрсінбе аспанымның қайғылы елі,
Адаспас арманшылдың қай жүрегі.
Сен ай да, мен күн емес,
Бірақ, қалқам,
Күннің де түсіне ылғи ай кіреді. 

* * *

Аспан сыйған жанарыңа мен сыймай,
Ақ шам қыздың бетіндегі мең сынды ай.
Шəйірларша шаһар сыйлап қайтейін,
Жүрегімді қолыңа алшы қомсынбай.

Ай қара боп көрінеме ақ түнде,
Бұл бақытты таппадың не,      
     таптың не?..
Сен түсімде мені көміп тастапсың,
Қызыл,       
  жасыл,      
   ақ гүлге...

Кірпігіңнің төгілердей моншағы,
Нені ойлады, нені күтті, аңсады...
Менің үнсіз қаламыма тіл берген,
Сенің айна көздеріңнің аспаны.

Сені көріп періштені ұмытқам,
Сені көріп тамұқты да жылытқам.
Енді маған сезіміңе суарған,
Шарап керек бір ұрттам.

* * *

Кеттім мен алыс тастап мекенімді,
Тағдырдың тəлкегін кім жете білді.
Кешігіп сезсең-дағы қиын екен,
Ешкімге керек емес екеніңді.

Аспаннан ашық күнде жай түстің бе,
Адасып аман қалдым айсыз түнде.
Əлі де бар екем-ау деп қаламын,
Есіме анда-санда сен түскенде.

Төбемнен төгіп өтті түнгі жаңбыр,
Көгілжім көкжиекте сырғыған нұр.
Бүгін ғана емес қой жоғалтуың,
Аспаным кімді жоқтап... кім жылап жүр.

Алдыңда енді недеп ақталамын,
Су іздеп сусап жүріп от боламын.
...Ажалдай ағараңдап келе жатқан,
Тек түннің искей бердім ақ тамағын.

* * *

Алматыда түнгі он екі.
Сен ұйқыда шығарсың,
Мамық көрпең жауып тəнін,      
     күнəсін...
Гүл бетіне сұлу бір шық тұнғандай,
Дəптеріме алтын əріп құласын.

Терең-терең тереңдерден сүзіп ап,
Тұнжырайды,
Нұр шырайлы күзгі бақ.
Қиялымда қалған соңғы бейнеңді,
Отырайын қауырсынмен сызғылап.

Қандай ауыр?..
Тыңдашы өзің түн даусын,
Саған қарай ұштым,     
    міне, мұңдасым.
Қолдар мені тартып алды қорғасын,
Жолдар мені жұтып алды кім барсың?..

Сендік шанақ, сендік əуез иіткен,
Сол бір əнге сүттей ұйып биіктен.
…Ұқпайыншы төбет желдің үргенін,
Ұйықтайыншы көздеріңнен сүйіп мен.
Сен ұйқыда шығарсың?..

* * *

Сенсіз таңым атқалы,
Сенсіз күнім батқалы,
Адастырып бітті мені бұл бес күн,
Екі оттың арасында күн кештім.
Мекен етіп алды мені бар қайғы,
Сағыныштан қара түн де сарғайды.
Түсінем ғой жаныңды үнсіз жылаған,
Жан жарым ең бір Алладан сұраған.
Тақ төбемнен құлардай боп құзар-шың,
Енді сенде басқа жанға сыңарсың.
Ал, мен болсам ескі мұңнан айықпай,
Жарға ұрылам желкені жоқ қайықтай.
Күл боламын... аспан барып шашылам,
Қарашада жаңбырласам басылман.
Сендік арман езсе-дағы еңсені,
Бір сапарға шақырмадым мен сені.
Жо-жо-жо-жоқ...
Сүйемін ғой, сүйгендей-ақ сол Нұрды.
Сүйемін ғой, сүйгендей-ақ сол Жырды.
Көйлегіңдей аппақ еді мына күн, 
Иманыңдай тап-таза еді мына түн.
Сұрауы көп белгісіндей сөйлемнің,
Қай жыртығын жаматайын жейдемнің.
Қатпар-қатпар маңдайындай сорымның,
Дауылы көп, жауыны көп жолымның,
Құрбанына қия алмадым мен сені.
Кеш мені.
............................

* * * 

Қала мынау,       
   айықпай еш күнəдан,
Кеудесіне қоп-қоңыр кеш құлаған.
Мен аттанып алысқа кете бердім,
Қолын бұлғап қалмады-ау, ешбір адам.

Кеберсіген көңілдің кесесіне,
Удан өзге, қалқам-ау, 
     не бересің...
Жанарыма ұқсатып бара жаттым,
Жаңбыр жуған автобус терезесін.

Құм едім,
Қуаң едім,
Кермек едім,
Жарты ауыз жылы сөзге шөлдеп өлдім.
Естен танып, емделіп ес жиғанша,
Өзге ошаққа боларсың сен де келін.

Сен жаққан жалғыз отпен жан сақтадым,
Сыйланбай қалды саған гүл шоқтарым.
Өмірге ертең келер сəбидейін,
Тепкілей бердім түннің құрсақтарын.

* * * 

Қара ағаштың қалтырап жапырағы,
Қаңтар бізді қай күйге шақырады.
Мені саған байлаған сол бір əуен,
Көкірегімде көктем боп жатыр əлі.

Мың қайталап сол əннің қайырмасын,
Деймін тағдыр өзіңнен айырмасын.
Қас қарайып келеді түнге қарай,
Күннің күмбез қанаты қайырылғасын.

Науайдың ғазалына малып ұшқын,
Хафиздың муза мұңын қанып іштім.
Гүлзар елде гүл жару қандай бақыт,
Недеген қайталанбас сағынышпын.

Есепсіз атуда таң,      
    батуда күн, 
Тақпағын тыңдармысың тақуаның.
Ескірген көкжиектің кеудесіне,
Жаздым мен махаббаттың ақырғы əнін.

Саумал жұлдыз саудырап етегімнен,
Дауыс шықса аспаннан етер елең.
Саған бастар жолдарды көріп тұрып,
Қара басқан жолдармен кетемін мен.

Мені құртар қасірет қалмағандай,
Беу, мына домбырамның зарлағаны-ай.
Қорғасын жыр құяр ем таңдайына,
Құсқа айналып кетпесе таңға қарай.

...Көңілі көбелектей күйгені үшін,
Өмірді менше өртеніп сүйгені үшін,
Қайғыдан қара садақ игені үшін,
Тағдырдың тарғыл оғы тигені үшін.

Сен менің сүйгенімсің,
Сүйгенімсің! 

* * * 

Бүгінгі күн сенің көзің секілді.
Əрі мұңлы, əрі мөлдір, əрі əсем,
Бақтарға да тіл бітіпті бір əсем.
Дариядай ақын болып тумаппын,
Теңіздердей тебірене жырлас ем...

Шар ғаламнан шанағыма сыйса екпін,
Мама дала, мамырлата күй шерттім.
Қазақы бір қан жүгіртіп бетіне,
Сен жырлаған сол қыздарды биші еттім.

Сағыныштар сарын тауып пернеден,
Сары құстар зар үн тауып кеудеден.
Жарыла ұшқан қанаттардың астынан,
Сабылысқан сан ғажайып жол көр ем.

Қоңыр-қоңыр күйге малып қолды да,
Таптым ақыр баққа барар жолды да.
Мөлдір-мөлдір күй аңсаса жүрегің,
Күмбір-күмбір кеудем толы домбыра. 

Ей, өмірден озу үшін келгендер,
Пенделердің етегіне ермеңдер.
Домбырадай ақын едім өзім де,
Қазанғаптың күйлерімен жерлеңдер.
...........................
Бүгінгі күн сенің көзің секілді...

* * *

Қарашығым,
Жазады жүрегімнің     
    жарасын кім?!
Иендегі иесіз өлеңдеймін,
Сайғағындай сарғайған моласының.

Қарашығым,
Мен жетім жағалаумын қаз аңсаған.
Сен киелі шанақсың саз аңсаған.
Күмбездей көтерілсең көкжиекке,
Қолымды күн астынан созам саған.

Қарашығым,
Бал мен қатар өмірдің уын іштім,
Домбыраңдай түсінбес сырымды ешкім.
Бір сағыныш еңсемді көтертпей жүр,
Қара түндей ауырлап күрсінісім.

Қарашығым,
Қанатым талса бұтаң қондыра ма?
Соңғы жұлдыз сəулесі сөнді жаңа.
Өмірімді күй ғылып əспеттеші,
Жүрегімді тиек қып домбыраңа.

Жібек болсаң жаныма жамылайын,
Түнек болсаң шырақ боп жағылайын.
Күй аңсаған кеудемді күмбірлетші,
Сағасына ішек боп тағылайын.

Қарашығым,
Кірпігімнен жас құлар сəл ырғасам,
Аспандай боп ашылам жаңбырласам.
Тоқсан тоғыз күй болып төгілер ем,
Менің тоғыз пернемді басар болсаң.

Қарашығым,
Сені аңсаумен шөлдеді шырайлы өлкем,
Жел ғып аңыз айтады біз жайлы ертең.
Алла адамға керемет сый берерде,
Алдыменен осылай сынайды екен.

Қарашығым,
Құста келді өзіңнен келген хаттай,
Жылуы жоқ жалған бұл сөнген оттай.
Басымды сүйейінші... саған келдім,
Мынау жетім ғаламнан мекен таппай.
Қарашығым...

* * *

Неге осы шегем мұң,
Тартам қайғы,
Неге менің шерім бір тарқамайды.
Менің осы əн ғана жанымды ұғып,
Мені осы күй ғана алдамайды.

Нем бар еді тірлікте қимай қалған,
Жанарымнан жас болып сырғиды арман.

Ана бұлттар бақыттың елесі ме?
Менің ғана кеудеме сыймай қалған.

Көлді аңсаймын,
Көл іздеп шөлге жетем.
Əнді аңсаймын,
Əн қайда зарға бекем.
Жесір бұлттан бір тамшы тамған еді,
Жетімектің жасындай кермек екен.

Неге осы шегем мұң,
Тартам қайғы,
Құлаш-құлаш күй тартшы,
Тарқар қайғы.
Мен бақытқа қол созбан ауыр ғой ол,
Ал, қасірет,
Қасірет алдамайды.

* * *

Қанбайтын бір шөл қысып кенеземде,
Нені күтем...
Телмірем терезеге.
Құлазып қалар сонда қайран көңіл,
Өмірді бір қырынан көре-көре.

Қаһар жоқ қарашада жауған қардай,
Мейір жоқ сəуірде бір тамған нұрдай.
Көз алдың көне ізге көлбей қалар,
Баяғы шайырлардың тағдырындай.

Көзге ілмей дүр дүние дүрбелеңін,
Қауызын жарып түннің бүрлеп едім.
Осынау кеудемдегі іңкəрлықпен,
Мен сені шексіз сүйсем деген едім.

Мен саған айтсам деп ем сыр жасырмай,
Мен саған күй боп сіңсем, жырға сыймай.
Ып-ыстық маңдайдағы аппақ жұлдыз,
Ып-ыстық жүрегімнің дұғасындай.

Сапырып сағынышын бұл ғаламның,
Бейуақыт жолға шығып боздағанмын.
Менде саған жетермін сол ақ жұлдыз,
Туған жер топырағына құлаған күн.

* * *

Бір көзде өмір.
Бір көзде өлім.
Безерген;
Бір көзде жас бар,
Бір көзде қан бар,
Сезем мен;
Бір көзім ашық,
Бір көзім жабық,
Байқадым,
Бейнесі ғана дірілдеп тұрды көзімнен.

Бір көзде өмір,
Бір көзде өлім,
Бір тамшы.
Жанардан сырғып,
Құмдарға сіңер,
Кім қарсы.
Өмірдей саған сұпсуық болып жүргенше,
Өлімдей ғана жолыңды күтіп тұрсамшы.

* * *

Мазалайды-ау,      
   қасіреттер көне бір,
Өлім жайлы ойландырма мені өмір.
Жазды қанша сағынса, мен сағындым,
Қар астында қалған солып селеу гүл.

Күнді,
Түнді,
Мен өмірді сүйемін.
Қыл ішекте қалған соңғы күй едім,
Ай сəулесі аңғартады-ау,     
     ажалдай,
Ағараңдап жатқан түннің сүйегін.

Мен өмірді толғағым-ақ келеді,
Мен өмірде болмағым-ақ келеді.
Жерде қалған жүрегімді қолыма ап,
Көк жүзіне орнағым-ақ келеді!

Иық жамау,
Жүрек жамау,
Жалаңаш…
Түннің жасы меніменен шамалас.

…Ешкімді де шақырмады ол,
Бармады
Төбемізде тұрды тоңып Дарағаш.

1147